Өңірде жеке тұлғалардың банкроттық рәсіміне қызығушылығы соңғы жылдары айтарлықтай артқан.
СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш бергендердің тек 1687-сі ғана банкрот деп танылған.
- Банкроттыққа өтініш берушілердің басым бөлігі белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Негізгі себептердің бірі - азаматтың меншігінде мүліктің болуы. Банкроттықты рәсімдеуде ортақ меншіктегі мүлік те есепке алынады. Тағы бір маңызды талап - азаматтың бір жыл бойы алған несиесі бойынша төлем жасамауы. Яғни қарыздың болуының өзі банкроттық рәсімін қолдануға автоматты түрде негіз болмайды. Кей жағдайда өтініш беруші мен төлем жасаған жоқпын ғой деп айтады, бірақ, оның картасына түскен қаражат автоматты түрде алынса, бұл да төлем болып есептелінеді, - дейді департамент басшысының орынбасары Талғат Салкеев.
Мамандардың айтуынша, СҚО-да банкрот деп танылған азаматтардың жалпы берешек сомасы 1,2 млрд теңгеден асты.
Ресми статистикаға сүйенсек, СҚО-да 2023 жылы соттан тыс банкроттық рәсімімен 132 адам, 2024 жылы 168 адам, былтыр 646 адам, ал биыл қыркүйек айына дейін 741 адам банкрот деп танылған. Осы аралықта сот арқылы 11 адам өзінің төлем қабілетсіздігін растаған.
Бұдан бөлек өңірде 2023 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңде 20 жеке кәсіпкер банкрот деп танылды. Оның үшеуі биыл қарызға батқанын мойындады.
Бұған дейін СҚО-да кәсіпкерлердің салық берешегі 6 млрд теңгеге жуықтағанын жазған едік.