Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты гір спортынан бапкердің ҚР Туризм және спорт министрлігіне және оның Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қатысты берген талап қоюы бойынша әкімшілік істі қарады.
Даулы мәселе 2025 жылы Қытайдың Ханин қаласында өткен гір тасын көтеруден әлем чемпионатында жүлделі үшінші орын алған спортшыға қатысты болды. Жаттықтырушы жүлде алған спортшының жеке бапкері ретінде ақшалай сыйақы төлеуді сұраған.
Бастапқыда жаттықтырушыға спортшының бірінші жаттықтырушысы ретінде ақшалай сыйақы төленген. Алайда жеке жаттықтырушысы ретінде қосымша сыйақы беруден бас тартылған.
Жаттықтырушы бұл шешіммен келіспей, ҚР Туризм және спорт министрлігіне шағымданған. Алайда министрлік те оның талабын қанағаттандырмаған. Осыдан кейін жаттықтырушы сотқа жүгінген.
Сот істі қарау барысында жаттықтырушының спортшыны 2022 жылдан бастап дайындап келгенін анықтады. Бұл — спорт мектебінің бұйрықтарымен, жаттығу сабақтарын есепке алу журналдарымен, спорт мектебінің жауабымен және спортшыны даярлаудың жеке жоспарымен расталды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жаттықтырушы спортшыны кемінде үш жыл даярласа оны жеке жаттықтырушы ретінде тануға болады. Ал спортшының ұлттық құрамада болмауы немесе қажетті құжаттардың арасында жеке даярлау жоспарының болмауы жаттықтырушыға ақшалай сыйақы бермеуге себеп бола алмайды.
Сот бұдан бөлек, жаттықтырушының өтініші мен шағымын қарау кезінде әкімшілік рәсім талаптарының да тиісті деңгейде сақталмағанын анықтады. Атап айтқанда, істің мән-жайлары толық әрі жан-жақты зерттелмеген. Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық гір спорты федерациясының өтініші бойынша төлем жасаудан бас тартудың себептері тиісті түрде негізделмеген.
Осыған байланысты сот Комитеттің ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту жөніндегі әрекеттерін, сондай-ақ министрліктің шағымды қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп танып, олардың күшін жойды.
Енді комитет жаттықтырушыға ақшалай сыйақы төлеу туралы өтінішті соттың шешімімен қайта қарауға міндетті.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін спорт мектебі жаттықтырушыларына төленетін үстемеақы өзгергенін жазған едік.