СҚО-да биг-бэг өндіретін кәсіпорын толық қуатында іске қосылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биг-бэг – жұмсақ контейнерлер өндіретін кәсіпорын толық қуатында жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өңір үшін тың жоба – биг-бэг шығаратын кәсіпорында болып, жұмыс барысын көрді. Бірер жыл бұрын іске қосылған жоба бүгінде өндіріс көлемін арттырған.

«Біз қазір экономиканы түрлі бағытта дамытып жатырмыз. Тек аграрлық саланы ғана дамыту жеткіліксіз. Жаңа зауыттар мен фабрикаларды ашу арқылы біз экономикамызды әртараптандырамыз.

Осыған дейін метал пластикалық бұйымдар зауыты мен тұрмыстық химия фабрикасы, термос вагондарын шығару өндірісі іске қосылды. Жақында фанера фабрикасы ашылады. «CLAAS» неміс концерні мен трансформаторлар шығаратын электр зауыты үшін бос тұрған ғимараттар берілді», - дейді өңір басшысы.

Жұмсақ контейнерлер өндірісі мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып отыр. Биг-бэгке дәнді дақылдарды, сусымалы құрылыс материалдарын және кенді сақтауға болады. Өндіріс толық циклді, үлкен қаптарға қажет жіп те осында шығарылады.

Қазір өндірісте 170 солтүстікқазақстандық жұмыс істейді. Бұл жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция құйылды. Кәсіпорын жылына 1,5 миллионға дейін биг-бэг шығарады.

«Бір жыл бұрын бұл ғимарат бос болатын. Бүгінде тоқу станоктарында сұранысқа ие тауарлар шығарылып жатыр. Жалпы өңірде бос ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бос аумақтардың жалпы ауданы 300 мың шаршы метрді құрады. Бүгінде 109 мың шаршы метр жерде жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Тағы 92 мың шаршы метрде жаңа жобалар жақында жүзеге асырылмақ», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.