СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, медициналық көмекке жүгінгендердің 60% ит қапқан, 34% мысық тістеп, тырнаған, қалған 6,5% басқа жануарлардан жарақат алған.
Мамандар жануарлар қауып, тырнаған жағдайда уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралуға кеңес береді. Өйткені, аса қауіпті құтырма ауруы адамға жануар тістегенде немесе оның сілекейі жарақаттанған теріге тигенде жұғады. Сілекеймен бірге ағзаға енген вирус жүйке талшықтары арқылы таралып, орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Аурудың алғашқы белгілері жұққаннан кейін бірнеше күннен бастап бір жылға дейінгі аралықта байқалуы мүмкін.
- Құтырманың ең қауіпті тұсы - клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін оны емдеу мүмкін емес. Ауру тыныс алу жүйесінің салдануына және жүрек қызметінің тоқтауына әкелуі ықтимал. Сондықтан адам өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы дер кезінде вакцина алу, - дейді дәрігерлер.
Мамандардың айтуынша, жануар қапқанда немесе тырнап алған жағдайда жарақат орнын дереу сабынмен кемінде 15-20 минут жуу қажет. Одан кейін жараның шетін 70% спиртпен немесе 5% йод тұнбасымен өңдеп, мүмкіндігінше тезірек медициналық мекемеге барған жөн. Құтыруға қарсы екпе медициналық ұйымдарда тегін салынады.
Мамандар вакцинацияны кешіктірмеуге шақырады. Өйткені екпенің тиімділігі оны уақытында бастауға тікелей байланысты. Ем қабылдау кезеңінде ағзаны шамадан тыс шаршатпау, тоңып қалудан және қызып кетуден сақтану, дәрумендер мен ақуызға бай тағам тұтыну қажет және алкогольден бас тарту ұсынылады.
Бұған дейін СҚО-да жабайы аңдарға құтырмаға қарсы 24,8 мың брикет тасталғанын жазған едік.