Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры СҚО филиалының мәліметінше, бірер жыл бұрын мұндай ота жасату үшін науқастар Астанаға баратын.
— Былтыр медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі аясында көрсетілді. 2025 жылы жалпы сомасы шамамен 163 млн теңгеге 25 ота жасалды. Оның ішінде ТМККК бойынша 10 операция, МӘМС бойынша 15 ота жүргізілді, — дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры СҚОФ директорының міндетін атқарушы Талғатбек Тілеубердин.
Биыл 204,7 млн теңгеге 32 операция жасалды. Оның ішінде көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында — 3, қалғаны көпсалалы облыстық ауруханада істелінген.
— Жоғары технологиялық операциялардың құны 1,4 млн теңгеден 6,6 млн теңгеге дейін жетеді. Сондықтан бұл қызметтерді алу үшін пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы қажет, — дейді Талғатбек Тілеубердин.
Өңірде жасалған жоғары технологиялық оталардың қатарында жүрекке кардиовертер-дефибриллятор орнату, ми мен мойын тамырларына эндоваскулярлық операциялар жасау, ми артерияларына стент қою, жамбас буынын қайта ауыстыру, омыртқаға күрделі хирургиялық ота секілді күрделі медициналық қызметтер бар.
Сонымен қатар, облыста медициналық сақтандыру мәселесі де өзекті болып отыр. Маусым айындағы мәлімет бойынша, СҚО емханаларында 516 мыңнан астам адам тіркелген. Алайда олардың 65 мыңнан астамының МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі жоқ.
Бұған дейін СҚО-да өңір тұрғындары 15 медициналық ұйымда оңалтудан өте алатынын жазған едік.