СҚО-да биыл 4 майдангер Жеңіс күнін қарсы алады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне биыл да Жеңіс күніне орай 1,5 млн теңгеден беріледі. 

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовтің айтуынша, былтыр Жеңіс мейрамын 8 соғыс ардагері қарсы алса, өңірде қазіргі уақытта 4 майдангер қалған. Олардың барлығы – Петропавл тұрғыны. Валентина Волкодав 102 жасқа келген. Василий Макиенко 98 жаста. Дмитрий Сергеев пен Федор Щеглов 97 жасқа келді.

Бұдан бөлек ардагерлерге теңестірілген 3,2 мыңнан астам адам бар. Олар - тыл еңбеккерлері, жау қоршауында болған Ленинград тұрғындары, майдангерлердің жесірлері, концентрациялық лагерьлердің тұтқындары және тағы басқалар. Жеңіс күніне орай бұл санатқа жататын тұрғындарға 100 мың теңге мен 5 АЕК мөлшерінде, яғни 18 460 теңге аралығында біржолғы төлем жасалады.

«Биыл өңірдегі қазіргі жағдайға байланысты Жеңіс мейрамы ешқандай шерусіз, концертсіз атап өтіледі. 9 мамыр күні соғыста қаза тапқандардың құрметіне орай Мәңгілік алау басына барып гүл шоқтарын қоямыз.

Қазіргі уақытта облыста Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің құрметіне арналған 500-ден астам ескерткіш бар. Бүгінде сенбіліктер ұйымдастырып, соларды ретке келтіріп жатырмыз, сырлаймыз, айналасын қоқыстан тазартамыз. Айта кететін бір мәселе – көшіп кеткен ауылдарда қалған осындай ескерткіштердің жағдайы. Ауылдық округтермен хабарластық, солардың көмегімен бұл ескерткіштер де жөнге келтіріледі», - дейді Ескендір Елеусізов.

Бұған дейін Петропавлда Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше форматта атап өтілетінін айтқан едік.