СҚО-да биыл 500-ге жуық интернет алаяқтық дерегі тіркелген

Фото: Фото: Polisia.kz.

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері интернет алаяқтық дерегі 11% артқан. Қылмыскерлер қолданатын айла-амалдардың ішінде банк қызметкері болып қоңырау шалу әлі де алдыңғы орында келеді.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыста интернет алаяқтыққа қатысты 453 қылмыс тіркелген. Соның 205 жағдайында алаяқтар тұрғындарға «банктен қоңырау шалып тұрмыз» деп хабарласқан. Екінші орында байланыс операторы болып хабарласу тұр.

«Адамдарды алдап, құрыққа түсіру үшін қылмыскерлер тұтас спектакль ойнауға дейін барады. Мәселен, «Сізге байланыс операторы қоңырау шалып отыр. Сіздің sim-картаңыздың жарамдылық мерзімі аяқталады, сіз бұл нөмірді одан әрі пайдалануды жоспарлап отырсыз ба?» деп әңгіме бастап, жеке ақпаратты білуге тырысады. Қазіргі уақытта WhatsApp-та аудио қоңырау арқылы да жиі хабарласатын болған», - дейді СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Бұдан басқа алаяқтар өздерін құқық қорғау құрылымдары мен банктік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, арам ойларын жүзеге асырмақ болады. Мақсат – жұрттың атына ірі несиелер алып, қаражатты өздерінің «қауіпсіз шоттарға» аударып алу.

«Сондай-ақ, интернет арқылы сауда-саттық жасаған кезде өте абай болған жөн, алдын ала төлемге келіспеуді ұсынамыз. Ешбір жағдайда бөтен адамдарға құпия деректеріңізді сеніп тапсырмаңыз, AnyDesk, TeamViewer және басқа да бейтаныс бағдарламаларды орнатуға келіспеңіз», - дейді Иван Терзиди.

Интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында өңір полицейлері 13-15 тамыз аралығында «Anti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр. Полицейлер мен жергілікті билік өкілдері Петропавлдағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде аниматордың қатысуымен интернет алаяқтық мәселесіне жұрттың назарын аударды. Тәртіп сақшылары әсіресе егде жастағыларға интернет-алаяқтықтың кең тараған схемалары туралы жаднамалар таратып, әңгімелеп берді.

Бұған дейін СҚО-да ер адам ауылдастарын алдап, 140 млн теңгені қалтасына басқанын жазған едік