СҚО-да биыл 60 мың адамға тұмауға қарсы екпе егіледі

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Солтүстік Қазақстан облысында жедел респираторлық вирустық инфекция бойынша өткен эпидемиологиялық маусымда 53 мыңнан астам адам ауырды. Бұл оның алдындағы кезеңмен салыстырғанда 1,7 есеге көп. Өңірде тұмауға қарсы екпе жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, ЖРВИ-мен ауырғандардың 65% немесе 35 мыңға жуығы — 14 жасқа дейінгі бала.

«Қазан айынан ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық маусым басталды. Былтыр қазанда тұмау жұқтырудың алғашқы деректері тіркелді. Ал қараша айында ол шарықтау шегіне жетті. А типті вирустар — шошқа және Гонконг тұмауы және В типті вирустар айналымда болды. Сырқаттанғандардың 90% В типті тұмау болса, H1N1 — 8% және H3N2 — 2% тіркелді. Осы маусымда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша, В вирусының қосылуымен АН1N1 және АH3N2 вирустары жүреді, соның ішінде АН1N1 вирусының басым болу ықтималдығы жоғары», — дейді Арман Күшбасов.

Бүгінде СҚО-да ЖРВИ-ді жұқтырғандар саны артып келеді.

«Тұмау — адамнан адамға оңай таралатын және барлық жерде кездесетін өте жедел жұқпалы ауру. Әр адам тұмау вирустарына сезімтал келеді. Инфекцияны науқас адам таратады. Әдетте дене қызуы кенеттен көтеріліп, жөтел пайда болады. Бас, бұлшықет пен буын ауырады, адамда әлсіздік болып, тамағы мазалайды және мұрыннан су ағады. Жөтел 2 апта немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Ауру жеңіл де өтеді, ал кейде тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Жылда 3-5 млн адамда тұмау ауыр өтсе, соның 290-650 мыңы респираторлық аурулардан қайтыс болады», — дейді Арман Күшбасов.

Тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі — вакцинация. Екпе аурудың асқынуынан және өлімнен қорғайды.

СҚО-да 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды.

Препаратты тіркелген жері бойынша емханада қауіп тобына жататын адамдар: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан адамдар тегін қойдыра алады.

«Биыл облыста 60 мың адамды немесе тұрғындардың 11% тұмауға қарсы екпе салу жоспарланған. Ол үшін ресейлік үш валентті " Гриппол плюс " вакцинасы қолданылады. Бүгінде 714 адамға екпе салынды, оның басым бөлігі әзірге медицина қызметкерлері», — дейді департамент басшысының орынбасары.