СҚО-да биыл 90-нан астам мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, өткен жартыжылдықта 19 тексеру жүргізілген. Оның ішінде 5-еуі жоспарлы, 14-і жоспардан тыс болған. Нәтижесінде 29 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізіліп, 108 мемлекеттік орган қамтылды. Нәтижесінде 62 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды.

— Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтар мемлекеттік қызметшілерді белгіленген жұмыс уақытынан тыс қызметтік міндеттерді орындату, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілікке тарту кезінде заңнамада көзделген рәсімдердің сақталмауы. Жеке тұлғаның өтініші негізінде жүргізілген тексеру барысында мемлекеттік қызметшілердің белгіленген жұмыс кестесінен тыс қызметтік міндеттерді орындауға тартылғаны анықталды. Атап айтқанда, лауазымды тұлға қызметкерлерден жұмыс күні басталғанға дейін қызметтік ақпарат беруді талап еткен. Тексеру нәтижесінде бұл дерек расталып, қызметшілерге жұмыс уақытынан тыс атқарған жұмысы үшін демалыс күндері берілді, — дейді департамент басшысының орынбасары Бақыт Махатов.

Сондай-ақ тәртіптік жаза қолдану кезінде заң талаптарының бұзылғандығы анықталған. Осылайша, үш тәртіптік жазаның күші жойылып, қызметшілердің құқығы қалпына келтірілді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша азаматтардың өтініштері қаралып, екі жағдайда тәртіптік іс қозғалды. Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін БҚО-да 200-ге жуық мемлекеттік қызметші үстеме жұмысқа жаңсыз тартылғанын жазған едік.