СҚО-да биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 21 отбасы сәбилі болды

Фото: Фото: Pixabay

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 1,5 мыңнан астам нәресте туса, 22 бала – «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында дүниеге келді. 

СҚО перинаталдық орталықтың мәліметінше, өңірге «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғалы 608 квота бөлінген. Экстракорпоральды ұрықтандыру 194 жағдайда сәтті аяқталып, ерлі-зайыптылар жылдар бойы күткен сәбилерін бауырына басты. Осы жылдар ішінде ЭКО арқылы туған нәрестелердің 25-і – егіз, олардың біреуі биыл дүниеге келді.

Жалпы СҚО-ға 2022 жылы 201 квота бағдарлама аясында бөлініп, 70 әйел сәбилі болды. Оның 8-інде егіздер дүниеге келді. 

Былтыр 190 квота беріліп, 75 әйел нәтижесін көрді. Бүгінде жүкті әйелдердің 21-і 22 нәрестені өмірге әкелді. Десек те биыл туған балалардың саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда анағұрлым аз. Мәселен 2023 жылы қаңтар-мамыр аралығында 1 808 бала – 847 қыз, 961 ұл және 27 егіз дүниеге келген. 

Биыл жыл басынан бері 1 586 нәресте туды, оның 780-і – қыз, 806 – ұл бала. 19 егіз жарық дүние есігін ашқан. 

Бұған дейін Алматыда балаларды қорғау күні қалай тойланатынын жазған едік.