СҚО-да биыл есірткі таратып, сатқан 132 адам ұсталды

Фото: СҚО ПД

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында есірткімен қолға түскендердің ішінде 13 әйел бар.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен 48 жастағы әйел ұсталды. Тәртіп сақшылары оның сөмкесінен қызғылт түсті кристалл тәрізді зат салынған 15 түйіншек тәркіледі.

Кейін ұсталған әйел бұған дейін жасырып кеткен «қалталардың» тұрған жерін көрсетті. Тәркіленген синтетикалық психотроптық зат - α-PvP-тың жалпы салмағы 40 грамға жуық болды. Бұл шамамен 300 рет қолдануға болатын дозаға тең.

Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жедел ақпаратқа сәйкес, әйел есірткі сатумен тамыз айынан бері айналысқан. Әдетте «кәсіптің» бұл түрімен үш айдан артық айналыса алмайды.

Жыл басынан бері облыс аумағында есірткі сатты деген күдікпен 132 адам, соның ішінде 13 әйел ұсталды. Полицейлердің айтуынша, әрбір тұрғын есірткінің таралуына қарсы күреске өз үлесін қоса алады. Есірткі қылмысына қатысты кез келген дерек туралы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына 8 (7152) 39-41-93, WhatsApp нөміріне +7-707-500-95-65 хабарлай алады.

Бұған дейін Оралда есірткі саудасымен айналысқан екі студент қыз ұсталғанын жазған едік.