Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, заң талаптарын бұзғандардың барлығы мемлекеттік қызметтен босатылды.
— Құмар ойындар мен бәс тігу қаржылық тәуекелдермен байланысты, ал оларға шамадан тыс әуестену тәуелділікке, қаржылық қиындықтарға, отбасылық және әлеуметтік қатынастардың нашарлауына әкелуі мүмкін. Әсіресе мемлекеттік қызметші үшін оның салмағы әлдеқайда ауыр. Себебі оның әрбір әрекеті жеке басының беделіне ғана емес, мемлекеттік органға деген қоғамның сеніміне де әсер етеді, — дейді департаменттің бас маманы Евгений Яковенко.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысу фактілерін анықтап, сондай-ақ заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдау бойынша жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді.
Мамандардың айтуынша, былтыр мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойындар мен бәске қатысудың үшеуі — Ақжар ауданында, екеуі — Тайынша ауданында, біреуі Есіл ауданында тіркелген. Ал биыл Петропавлда тағы 3 дерек анықталған.
— ҚР заңнамасында мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы шектеу белгіленген. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қызметші лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына шектеу қоюға міндетті.
Сондықтан қызметтік тәртіп пен кәсіби әдеп нормаларын сақтау — оның басты міндеттерінің бірі, — дейді Евгений Яковенко.
Бұған дейін құмар ойынға салынған атыраулық әскери қызметші көршісін алдағаны үшін сотталғанын жазған едік.