СҚО-да биыл мектепке алғаш барған бүлдіршіндердің әр үшіншісі ғана қазақша оқиды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл 5800-дей бала бірінші сыныпқа қабылданса, соның шамамен 32% ғана қазақ тілінде білім алады.

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, жалпы оқушылар саны былтырғымен шамалас — 73,5 мыңнан асады.

Тағы бір мәселе — балаларды мектепке қауіпсіз жеткізу. Облыстың 256 елді мекенінен 2,8 мың бала мектепке тасымалданатын болады. Оның 2 мыңнан астамын күн сайын мектепке жеткізу қажет. Оқу жылы басталар алдында оқушыларды тасымалдауға арналған 143 автобус дайындалды.

— Балаларды таситын барлық көлік техникалық байқаудан өткізілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жұмыстар Департамент полициясымен бірлесіп жүргізілді, — дейді Айнагүл Сұрағанова.

Қазір мектептерді жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатыр. 2026-2027 оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 400 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ өңірдегі 12 мектеп күрделі жөнделді. Бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге жұмсалды. Ал ағымдағы жөндеумен 100 мектеп қамтылып, ғимараттарды жөнге келтіруге 1,3 млрд теңге бөлінді.

Осыған дейін СҚО-да жыл басынан бері жасөспірімдер арасында 26 қылмыс тіркелгенін жазған едік.