СҚО білім басқармасы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап беріп, жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі мектептер желісінің қазіргі жағдайынан хабардар етті.
Ведомствоның мәліметінше, биыл қыркүйекте облыс бойынша 439 мектеп оқушыларды қабылдайды. Биыл бірде-бір мектеп жабылған жоқ және мәртебесі де өзгермеген. Дегенмен олардың 325-і - шағын жинақты мектеп. Бұл ауылдардағы білім ордаларының болашағы мәселесін әлі де өзекті етіп отыр.
- Өңірдегі мектептердің 34-і - бастауыш, 97-сі - негізгі орта, 308-і - жалпы орта мектеп.
Мектептерді жабу мәселесі оқушы санына тікелей байланысты. Қолданыстағы нормативке сәйкес, контингенті 5 баладан кем мектептер жабылуы тиіс. Яғни оқушы саны белгіленген межеге жетпеген жағдайда білім беру ұйымының жұмысын жалғастыру немесе қайта ұйымдастыру мәселесі қаралады.
Алдағы 2-3 жылда жабылуы немесе оңтайландырылуы мүмкін мектептердің саны да әзірге нақтыланбаған. Мұндай шешім тиісті контингент болмаған жағдайда ғана қарастырылады, - дейді СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.
Мамандардың айтуынша, ауыл мектептерін сақтап қалумен қатар, ондағы білім сапасын арттыруға да басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта өңірдегі барлық шағын жинақты мектеп «Ауыл мектебі - сапа алаңы» республикалық жобасына қатысып жатыр. Жоба ауыл мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
Өңірде мектептердің саны қысқармағанымен, кейбірі талапқа сай келмейді. Мәселен Қызылжар ауданындағы Белое орта мектебінің ғимараты апатты деп танылған. Мәселені шешу үшін 120 орындық жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазір құрылыс жұмыстары басталды.
Жаңа оқу жылында 165 мектепте сабақ екі ауысымда ұйымдастырылады. Ал Аққайың ауданындағы №3 Смирнов орта мектебі биыл балаларды үш ауысымда оқытуға мәжбүр.
Бұған дейін Астанада қайтарылған активтер есебінен 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп салынатындығын жаздық.