ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы Анар Батталбектің айтуынша, биыл тұрғындардан 26 өтініш түскен.
- Олардың ішінен 13 өтініш иесінің уәжі расталды және барлық жағдайда азаматтардың құқықтары толық қалпына келтірілді.
Өтініштердің 12-сі «EgovKzBot2.0» Telegram-боты арқылы келіп түскен. Соның ішінде 10 өтініш бойынша құқық бұзушылық расталып, тиісті шаралар қабылданды, - дейді Анар Батталбек.
Шілде айында Петропавл тұрғыны «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді жекешелендіру» қызметін алу кезінде кедергілерге тап болып, Департаментке жүгінген. Маманның айтуынша, қ ағидаларға сәйкес, бұл қызмет 30 күнтізбелік күн ішінде көрсетілуі тиіс.
Алайда, қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өтінімді белгіленген мерзімде қарамаған.
Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Департамент тұрғын үй комиссиясының отырысын өткізуде бастамашы болып, азаматтың заңды мүддесін қорғап шықты.
- Егер азамат мемлекеттік қызметті алу барысында құқықтарының бұзылғанын анықтаса, ең бастысы уақтылы хабарласу қажет. Бұл мәселені тез әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді, - дейді Анар Батталбек.
Бұған дейін СҚО-да жарты жылда мемлекеттік қызмет заңнамасын бұзудың 500-ге жуық фактісі анықталғанын жазған едік.