СҚО-да биыл он фитоесірткі зертханасы жойылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда есірткіге қатысты құқықбұзушылықтардың саны өскен.
СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, өткен жылы – 187, биыл 9 айда 214 дерек тіркелген. Оның 100-ден астамы — сату фактілері, 8 — аса ірі көлемде сақтау, 7 — контрабанда.
Полиция қызметкерлері сондай-ақ 10 фитоесірткі зертханасының жұмысын әшкерелеп, тоқтатты. Нәтижесінде шамамен 800 келі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 5 келіге жуық синтетикалық есірткі және 700 келіден астам марихуана бар.
- Облысқа есірткі жеткізудің 7 арнасын анықтап, жолын кестік. Мәселен, 7 сәуірде Петропавлға кіреберісте «Daewoo Nexia» автокөлігі тоқтатылып, оны басқарған 26 жастағы астаналық тұрғыннан жарты келіге жуық синтетикалық есірткі табылды. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, - дейді Асқар Мұхаметқалиев.
Бұған дейін Петропавлда синтетикалық есірткі таратқан тұрғын 7 жылға сотталғанын жазған едік.