СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыс шамамен 60 өзен, 2,3 мыңнан астам көл және 127 қазаншұңқыр бар. Биыл жазда тұрғындардың демалуына 61 орын белгіленді. Оның 13-і көлдерде, қалғаны Есіл өзенінде орналасты. 6 демалыс орны коммуналдық меншікте болса, 55 нысанды жеке кәсіпкерлер пайдаланады. Сондай-ақ, демалыс орындарының басым бөлігі — 47 нысан Шалқар және Имантау көлдерінің маңында жұмыс істеді.
— Шомылу маусымы басталғанға дейін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп демалыс орындарына комиссиялық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде тек 23 демалыс аймағы ғана талапқа сай болды. Қалған нысандардың иелеріне анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берілді, — дейді Жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Қайрат Самаев.
Шомылу маусымы басталғалы облыстың су айдындарында үш адам суға батып кетті. Ақжар ауданындағы Шат өзенінде, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданындағы және Петропавлдағы Есіл өзенінде оқыс оқиғалар тіркелді. Олардың барлығы арнайы жарақтандырылмаған су айдындарында шомылмақ болған.
— Шомылу маусымы басталғалы бері 12 адам құтқарылды. Оның 7-еуі Айыртау ауданында, 3-еуі Есіл ауданында, 2-еуі Петропавлда аман қалды. Құтқарылғандардың біреуі рұқсат етілмеген жерде шомылса, 11 адам құтқарушылары бар демалыс орындарында көмекке жүгінген.
Былтыр жаз уақытында облыстың су айдындарында адам өлімі тіркелген жоқ, — дейді Қайрат Самаев.
Маманның айтуынша, тыйым салынған жерде шомылғандарға 7 АЕК (30 275 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Биыл қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға 118 әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұған дейін Ертіс өзенінде суға кеткен ер адамның мүрдесі алты тәуліктен соң табылғанын жазған едік.