СҚО Полиция департаменті бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, өңірде жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 272 дерек тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 фактіге көп. Оның 115-і - есірткіні өткізу және 9-ы - аса ірі мөлшерде сақтаудың дерегі. Заңсыз айналымнан 739 кг 486 гр түрлі препараттар тәркіленді, оның 694 кг - марихуана, 23 кг 865 гр - гашиш және 2 кг 572 гр - синтетикалық препараттар.
«Биыл соңғы 10 жылдағы есірткінің ең үлкен партиясы тәркіленді, салмағы шамамен 600 кг. Оның 20 кг гашиш болса, қалғаны марихуана. Қаңтар айынан бастап облыста 3 фитолаборатория және синтетикалық есірткі өндіретін 1 нарколаборатория анықталды», - дейді Асқар Мұхаметқалиев.
Халықпен өзара іс-қимылды арттыруды мақсат еткен СҚО полицейлері «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық студенттік бірлестігімен бірлесіп, Telegram-да t.me/sko_narkohelp_bot анонимді чат-ботты іске қосты.
«Қазан айынан бастап оған «есірткі дүкендерінің» жарнамасы бойынша 36 хабарлама және есірткі жасырушы туралы бір ақпарат түсті, соңғы факті бойынша күдікті бірден ұсталды. Нашақорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өткен жөн. Қаңтар айынан бастап полиция қызметкерлері 785 профилактикалық іс-шара өткізді, осылайша 50 мыңнан астам жасты қамтыды. Халықты ақпараттандыру маңызды міндеттердің бірі, өйткені нашақорлық пен есірткі бизнесін полиция мен қоғамның бірлескен күш-жігерімен ғана жеңуге болады», - дейді Асқар Мұхаметқалиев.