СҚО-да биыл тіркеусіз, құжатсыз жүрген 5 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінікі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан көші-қон жағдайы полиция департаментінің үнемі назарында. Биылғы жарты жыл ішінде ҚР заңнамасын бұзғаны үшін 201 шетелдік және 38 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданының аумағында салынып жатқан нысанда Өзбекстанның бес азаматы анықталды. Олардың ел аумағында жұмыс істеуге рұқсаты болмаған. Нәтижесінде шетелдіктер де, олардың жұмыс берушілері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен шетелдік бес азаматтың барлығы Қазақстаннан шығарылды.

«Жаз – бұл демалыс уақыты ғана емес, халықаралық транзит артатын, сондай-ақ шетелдіктердің еңбек күшін пайдалану жиілейтін маусым. Шекараға жақын орналасқандықтан көші-қон жағдайын бақылау полиция департаменті жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Полицейлер шетелдік азаматтардың жиналатын орындарын, құрылыс нысандарын және басқа да орындарды үнемі тексеріп отырады. Мәселен 6 ай ішінде халықтың көші-қоны саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін 201 шетелдік және 38 жұмыс беруші жазаланды», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінікі

Жыл басынан СҚО-да көші-қон қызметі бөліністерінің қызметкерлері Қазақстан аумағында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғаны үшін 5359 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Жеке және заңды тұлғалар тарапынан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдаудың 302 дерегі тіркелді. Ел аумағынан 57 шетелдік шығарылды.

«Құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алудан бөлек, көші-қон қызметі басқармасы мемлекеттік қызметтің 12 түрін көрсетеді. Алты ай ішінде азаматтығы жоқ 573 адам тұруға ықтиярхат пен куәліктер алған. Жеке куәлік жасауға 20054 өтініш және 12320 паспорт ресімделді. Жыл басынан көші-қон қызметі Қазақстанда уақытша болуға 3600-ден астам рұқсат қағазын берді», - дейді Талғат Әбілев.

Бұған дейін СҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтергендердің жазаланғанын жазған едік.