СҚО-да биыл тұрғындардан 60 шақты атыс қаруы тәркіленді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы аудандардың бірінде полицейлер 61 жастағы ауыл тұрғынынан бірнеше қару-жарақты тәркіледі.

Фото: СҚО ПД

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл факті мамыр айының соңында өткен облыстық «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған. Тәртіп сақшылары ер адамның үйінен «ТОЗ-34» қос ұңғылы шолақ мылтықты, қолдан жасалған жарық-дыбыстық гранатаны, қолдан жасалған дүмі бар аңшылық мылтықтың ұңғы қорабын, гильзалар және патрондар жасауға арналған құралдарды тапты.

Фото: СҚО ПД

— Оның 2005 жылға дейін аңшылық билеті болған екен. Айтуынша, шолақ мылтықты үйінің шатырынан, ал атыс қаруының механизмін қоқыс орнынан тауып алған, гранатаны отшашу ретінде пайдалану үшін өзі жасаған. Мұндай қолдан жасалған «пиротехниканың» өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ойламаған, — дейді полицейлер.

Қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, осы іс-шара аясында тәртіп сақшылары 260 үйді, шаруашылықты тексеріп, заңсыз сақталған 11 қару мен 32 оқ-дәріні тәркіледі.

Фото: СҚО ПД

Полицейлер облыс тұрғындарын тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсыру қажеттігін ескертеді. Қаруды өз еркімен тапсырғандарға өтемақы бар. Өз еркімен тапсырылған әрбір қару үшін оның түрі мен техникалық жағдайына қарай 10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін, яғни 43 мың теңгеден 432 мың теңгеге дейін сыйақы қарастырылған. Сондай-ақ оны заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Жыл басынан бері СҚО-да барлығы 59 атыс қаруы тәркіленді, оның ішінде 6 ойық ұңғылы қару және 3 шолақ мылтық бар.

Бұған дейін Қазақстанда қару-жарақты әкелу мен әкетуге қойылатын талаптар өзгергенін жазған едік.