СҚО-да білім бөлімі мен бөбекжайдың есепшілері 90 млн теңгені қалтасына басқан

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында аудандық білім бөлімінің бухгалтері және бөбекжайдың есепшісі сыбайлас жемқорлыққа барып, бюджет қаражатын жымқырған. Алдын ала залал - шамамен 90 млн теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ел көлемінде орта және мектепке дейінгі білім беру саласына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.

Нәтижесі Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Сергей Перовтың айтуынша, соңғы жылдары ел бойынша білім саласында үш жүзден астам жемқорлық қылмыс жасалып, 143 адам сотталған.

«Өңірде негізінен жоспарлау және еңбекақы төлеу қорына басымдық берілді. Оған білім саласына бөлінген облыс бюджетінің 80%-ға жуығы жұмсалады. Сыбайлас жемқорлыққа әкелетін жүйелі проблемалар анықталды. Жалақыны, түрлі қосымша ақыларды заңсыз есептеу, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстардға ақы төлеу және басқа жолмен бюджет қаражатын ұрлау схемалары ашылды», - дейді Сергей Перов.

Мысалы, департамент талдау барысында ағылшын тілі мұғаліміне жалпы сомасы 3 млн теңгеден астам ақы негізсіз төленгенін анықтап, ақша қайтарылды.

Сондай-ақ аудандық білім бөлімі бухгалтерінің жұмыс істемейтін адамдарға жалақы аудару және бөбекжай-бақшаның бухгалтерінің өз банк есепшотына ақша аударуы арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады.

Алдын ала шығын - шамамен 90 млн теңге.

«Әрбір факті бойынша тексеру жүргізіледі, қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға беріледі. Бүгінгі таңда департамент жалпы сомасы 50 млн теңгеден асатын ұрлық фактілері бойынша 2 қылмыстық істі тіркеді», - дейді Сергей Перов.

Талдау қорытындысы бойынша барлығы 20 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды, оларды жою үшін 34 ұсыным әзірленді.