СҚО-да былтыр 14 мектеп жабылса, биыл тағы жетеуі жұмысын тоқтатпақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының мектептерінде 32 мыңнан астам қазақ баласы білім алып жатса да, олардың жартысынан көбі орыс тілінде оқиды. СҚО білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Таласбаева сұхбатта өңірдегі білім сапасы, кадр тапшылығы, мектептердің жабылуы және педагог мәртебесі жөнінде деректермен бөлісті.
— Гүлнар Темірболатқызы, алдымен департаменттің негізгі міндеттері мен бағыттарына тоқталсаңыз. Қандай қызмет атқарасыздар?
— Біздің департамент — білім саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асырушы және бақылаушы орган. Яғни, негізгі мақсатымыз — облыстағы білім беру ұйымдарының қызметін реттеу, білім сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау жүргізу арқылы халыққа көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету.
Біздің жұмыс бірнеше бағытты қамтиды: білім беру сапасын сырттай бағалау, мемлекеттік аттестаттау (балабақша, мектеп, колледж), профилактикалық және жоспардан тыс тексеру өткізу, лицензия беру, құжаттарға апостиль қою, педагог мәртебесіне қатысты нормалардың сақталуын бақылау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және ресми сайттарды жаңарту.
— Білім сапасы қалай бағаланады? Негізгі критерийлер қандай?
— Білім сапасын бағалау — тек ғимараттың жағдайына немесе оқулықтың бар-жоғына қарап жасалмайды. Ең алдымен, білім алушылардың оқу жетістіктері, білім бағдарламаларын меңгеру деңгейі ескеріледі. Сонымен қатар, мектептің немесе балабақшаның білім беру қызметі, оқыту-тәрбие жұмысы, оқу жоспарлары мен әдістемелері, басқару органдарының тиімділігі сияқты аспектілер қарастырылады.
— Соңғы жылдары жүргізілген тексерістердің нәтижесі қандай болды?
— 2024 жылы біз 211 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау жүргіздік. Оның ішінде — 201 мектеп, 9 балабақша және 1 колледж.
Нәтижесінде, 9 балабақшаның 8-і (88%) оң қорытынды алды. Ал, 201 мектептің тек 40-ы ғана (19,9%) аттестаттаудан сәтті өтті. Қалған 161 мектеп (80,1%) «аттестатталмады» деген қорытынды алды. Бұл — өте алаңдатарлық жағдай.
Аудандық тұрғыда қарайтын болсақ, мысалы, Уәлиханов ауданында аттестаттауға қатысқан 16 мектептің бірде-бірі өте алмады. Бұл білім сапасын түбегейлі жақсартуды талап етеді.
Биылғы 1 жартыжылдықта 38 білім мекемесіне мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. 11 мектеп аттестаттаудан сәтті өтті.
— Облыстың білім саласындағы басты проблемалар қандай?
— Бірнеше маңызды мәселені атап өтуге болады: мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы, ауылдық жерлерде шағын жинақталған мектептердің көптігі, педагог және мектеп басшыларының жетіспеушілігі — СҚО-да қазір зейнет жасындағы 30 директор жұмыс істеп жүр, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында шеберханалардың заманауи құрал-жабдықпен жеткілікті қамтылмауы және студенттерге арналған жатақхана тапшылығы.
— Кадр жетіспеушілігі мәселесі қаншалықты өзекті?
— Бүгінгі таңда облысымыздың білім беру жүйесінде 16 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Оның ішінде жалпы білім беретін мектептерде — 12 мыңға жуық мұғалім еңбек етіп жатыр.
2025-2026 оқу жылында тағы 955 педагогке қажеттілік туындап отыр. Бұл — алдын ала жасалған талдау нәтижесі.
Ең көп бос орын Петропавлда — 280, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда — 120, Айыртау ауданында 96 мұғалім қажет.
Пәндер бойынша сұранысты қарастырсақ: математика пәнінен 96 мұғалім; 75 мектепке дейінгі тәрбиеші; орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 67 мұғалім; 58 педагог-психолог; қазақ тілі мен әдебиеті, бастауыш сынып, физика пәнінен 50 мұғалімнен керек.
Яғни бұл педагог кадрлармен қамтамасыз етуде айтарлықтай мәселе бар екенін көрсетеді. 2024-2025 оқу жылында облыс мектептерінде 603 зейнет жасындағы мұғалім жұмыс істеген. Бұл — кадрлық құрамның жаңартылуын талап ететін маңызды фактор.
Алайда бізде оң үрдіс те бар. Осы жылы педагогикалық бағытта 493 студент университетті бітіруі тиіс. Сонымен қатар, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжді биыл 432 студент тәмамдайды.
Барлық түлектер мектепке ашық конкурстық негізде орналасады, шағын жинақталған мектептерден басқа. Бұл талап педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруға және білім сапасын жақсартуға бағытталған.
Тағы бір маңызды мәселе — педагогикалық қызметті алғаш немесе қайта бастаған азаматтар міндетті түрде педагогтердің біліктілігін бағалау рәсімінен өтуі керек. Бұл — олардың кәсіби дайындығын нақтылап, оқушы алдындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған әділ әрі объективті талап.
— Педагог мәртебесін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Соңғы жылдары педагогтердің еңбекақысы екі есеге жуық өсті. Балабақша мен колледж педагогтеріне де қосымша үстемақылар белгіленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы тағайындалды. Біздің облыстан үш педагог осы марапатқа ие болды.
Мұғалімдерді марапаттау үдерісі автоматтандырылған — бұл ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді.
— Жеке және мемлекеттік мектептерге қойылатын талаптарда айырмашылық бар ма?
— Жоқ, айырмашылық жоқ. Мемлекеттік аттестаттау меншік түріне қарамастан, барлығына бірдей талаппен бес жылда бір рет жүргізіледі. Бұл — ҚР Кәсіпкерлік кодекс пен «Білім туралы» Заң талаптарына сай. Біліктілік талаптары, санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі, педагогикалық жүктемелер — барлығы бірдей қолданылады.
— Соңғы жылдары қазақ сыныптары артты ма, әлде азайды ма, себебі неде?
— Облыста 444 мектеп болса, соның 104 қазақ тілінде, 108-і — аралас мектеп. Қазақ және аралас тілді 212 мектепте 2 мың қазақ сыныбы бар. Бұл көрсеткіш 2022–2023 оқу жылымен салыстырғанда 54 сыныпқа кеміген (2022–2023 жылы — 2054 сынып, 2023–2024 жылы — 2044 сынып). Қазақ сыныптарының азаюының негізгі себебі — балалар санының табиғи түрде азаюы мен оқушылар контингентінің қысқаруы.
Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарына облыста 132 873 бала болса, 2025 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 126 424 балаға кеміген. Сәйкесінше, мектептердегі білім алушылар саны да азайған: 2023–2024 оқу жылында — 75 018 оқушы, 2024–2025 оқу жылында — 73 996 оқушы.
Десек те өткен оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған 6878 оқушының 1901-і 27,6% ғана қазақ тілінде оқуға ниет білдірді. Қазақ ұлтының 44%-ы — 32 мыңнан астам бала әлі де орыс тілінде оқып жүр.
— Былтыр қанша мектеп жабылды, биыл қаншасы жабылады?
— Былтыр мемлекеттік нормативке сәйкес келмейтін 14 мектеп жабылды, оларда оқушы саны бесеуден кем болды. Биыл 7 мектепті жабу жоспарланып отыр.
— Жаңа оқу жылына дайындық қалай жүргізіліп жатыр?
— Біз жаңа оқу жылына дайындық аясында білім беру ұйымдарының инфрақұрылымына, жылыту маусымына, қауіпсіздік жүйелеріне, оқулықтармен қамтамасыз еілуіне және кадрлық мәселелерге ерекше назар аударып отырмыз. Биыл облыста 11 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектептер салынып жатыр. Бұл білім ордалары қазіргі заманға сай, кең, қауіпсіз, барлық қажетті инфрақұрылымы бар. Бір мектеп — «Орман» шағын ауданында іске қосылды. Тағы біреуі — «Береке» ауданында салынып жатыр. Бұл мектептерде STEM-зертханалар, спорт залдар, коворкинг аймақтар, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кабинеттер бар. Жобаның әрбір кезеңі — департаменттің бақылауында.
Білім саласы — кез келген ел дамуының негізі. Біз үшін әр баланың сапалы білім алуы — басты мақсат. Сол үшін жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бұл — тек бір мекеменің емес, тұтас қоғамның, ата-ананың, мұғалімнің ортақ міндеті. Сондықтан халықпен әрдайым байланыста жұмыс істеуді басты ұстаным етіп отырмыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Ауыл мектебі — сапа алаңы» республикалық жобасына 1,5 мың мектеп қосылатынын жазған едік.