СҚО-да былтыр интернет алаяқтар тұрғындардың 1,5 млрд теңгесін қолды етті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында интернет алаяқтықпен күресу мақсатында енді әр айдың 15-і күні халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған ауқымды акция өтеді.

Фото: СҚО ПД

СҚО полиция департаментінің мәліметінше, биылғы төрт ай ішінде солтүстікқазақстандықтар интернет-алаяқтардың кесірінен жарты млрд теңгесінен айырылды. Өңірде киберқылмыстың алдын алудың жаңа тәсілі енгізілді. Енді әр айдың 15-і бірыңғай профилактика күні өтіп, полицейлерге еріктілер, белсенділер және барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері қосылып, түсіндіру жұмысын жүргізеді. Мамандар алдымен еңбек ұжымдарын аралайды.

Қазіргі уақытта кең таралған алаяқтық тәсілдер:

— денсаулық сақтау мекемесі атынан қоңырау шалу («Сіз скринингтен өтуіңіз керек, sms арқылы келген кезек нөмірін айтыңыз» және т. б.);

— коммуналдық қызмет ұйымдары атынан («Есептегішіңізді тексеру мерзімі келді, sms-кодты айтыңыз» және т. б.);

— жеткізу қызметтері атынан («Сіздің атыңызға сәлемдеме / ақша аударымы / хабарлама келді, sms-тегі төрт таңбалы кодты хабарлаңыз» және т. б.);

— ұялы байланыс операторлары атынан («SIM-картаңыздың мерзімі аяқталуға жақын, әрі қарай пайдалану үшін sms-кодты айтыңыз»).

Полицейлердің айтуынша, 2024 жылы СҚО-да 756 интернет алаяқтық тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 942 млн теңге шамасында, соның тек 75 млн теңгесі ғана қайтарылған.

2025 жылы 654 кибералаяқтық фактісі тіркелді. Шығын мөлшері 1,5 млрд теңгеге жетті. Алайда оның 0,5 млрд теңгесін қайтару мүмкін болған.

Бұған дейін Қазақстанда интернет алаяқтықтан келетін шығын 20 млрд теңгеге жеткенін жазған едік.