СҚО-да бір апта ішінде мас жүрген 414 адам жауапқа тартылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 6-12 ақпан аралығында қоғамдық орындарда мас жүрген 414 адам жауапқа тартылды. Осы кезеңде өңірде «Қауіпсіз апта» ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бір апта ішінде қорғау нұсқамасын бұзудың 13 фактісі және құқық бұзушылардың мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптардың бұзылуының 33 дерегі анықталды.

«Құқық бұзушылықтардың жасалуына себеп болатын жағдайлар тұрғылықты мекенжайға барған кезде айқын көрінеді. Мәселен, күндіз әйелі жұмыста болған кезде есепте тұрған еңбекке қабілетті күйеуі ішімдікке тойып, үйде жатқан. Бізге мұндай жағдай таңсық емес. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық тіркелген үйлерде бұл әдеттегі жағдай», - дейді тәртіп сақшылары.

Полицейлер апта ішінде есепте тұрған 4 мыңнан астам мекенжайды тексерді. Олардың жартысы – маскүнем. Сондай-ақ тұрмысы қолайсыз 304 отбасы, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 495 адам, тұрмыста құқық бұзушылық жасаған 554 адам тексерілді.

«Алкогольді асыра пайдаланатын адамдар болатын орындар, жалға берілетін тұрғын үйлер тексерілді. Алкогольді рұқсатсыз сатқаны үшін 20 адам жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан құрамында спирт бар 400 литрден астам өнім тәркіленді», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Бұдан бөлек, өткен аптада патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген режимде жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтау үшін тексерулер жүргізді. Олар 13 мас жүргізушіні тоқтатты. Іс-шара барысында 1495 түрлі құқық бұзушылық анықталды.