СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер Петропавлдағы Шухов пен Н.Назарбаев көшелерінің қиылысында сағат 04:50 шамасында 35 жастағы қала тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Mercedes» автокөлігін тоқтатты. Іс-қимылы оғаш көрінген ер адам медициналық тексеруден өткізілді. Нәтижесінде оның есірткіге еліткен күйі рульге отырғаны анықталды.
Ер адам әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылады.
Жалпы бір тәулік ішінде облыс жолдарында 9 мас жүргізуші ұсталды. Қазір өңір полицейлері 17 қазанда басталған «Мас жүргізуші» облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатыр. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жолдарда жасақтардың саны артып, тәртіп сақшылары түндегі патрульдеуді күшейтті.
«Бір тәулікте жол жүрісі қағидаларын бұзудың 356 дерегі анықталды. Көлік жүргізушілері негізінен қауіпсіздік белдігін тақпайды және рульде отырып телефонмен сөйлеседі. Сәйкесінше 36 және 25 жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 15 жүргізуші жауапқа тартылды. Бұл жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзуға жатады, жіберілген қателік жол қозғалысына қатысушылардың өмірін қиюы мүмкін екен естен шығармаған жөн», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.
СҚО-да 9 айда жолда жүру ережесін бұзудың салдарынан 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 8 адам қаза тапты, 47 адам жарақат алды. Жылдамдықты асырғаны үшін 33 автокөлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Олар 14 жол-көлік оқиғасына себеп болған, салдарынан 1 адам қаза тауып, 21-і жарақаттанды. 7 жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзды. Бұл 13 жол-көлік оқиғасына әкеліп, салдарынан 1 адам қаза тапты, 13 адам жарақаттанды.