СҚО-ның бас санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың қол қойған қаулысына сәйкес енді жексенбіден басқа күндері сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері сағат 10.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істейді.
Базарлар жексенбіден басқа күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін ашылады. Бірақ сауда орындары келушілер санын 30 %-дан асырмай, 4 шаршы метрде 1 адамның болуын қадағалауы қажет.
Фитнес, тренажер залдары алдын ала жазылу бойынша, спорт нысандары жеке және топтық жаттығуларды 5 адаммен, нәтижесінде адам санын 50-ден асырмай, жобалық қуатының тек 30 % ғана толтырып келуші қабылдай алады. Жексенбіден басқа күндері бассейндер де жұмысын бастайды. Мұнда да санитарлық талаптар қатаң сақталуы керек.
Қоғамдық моншалар, сауналар сағат 9.00-ден 22.00-ге дейін адам санын 50-ден асырмай, 4 шаршы метрде 1 адамның болуын қадағалау арқылы істейді, ал жексенбі күндері қоғамдық моншалардың тек ортақ залдары ғана ашық болады.
Қоғамдық көлікке, соның ішінде қала маңындағы маршруттарға таңғы сағат 6.30-дан 22.00-ге дейін жұмыс істеуге, қалааралық, облысаралық автобустарға 300 шақырым аумақта қатынауға рұқсат берілді.
Қоғамдық тамақтану орындары, соның ішінде сауда-ойын-сауық орталықтарындағы фуд-корт сағат 8.00-ден 24.00-ге дейін санитарлық талаптарды сақтай отырып, яғни келуші санын асырмай ашылады. Сондай-ақ дайын тамақты жеткізу қызметтерінің де жұмысы сағат 8.00-ден 24.00-ге дейін ұлғайтылды.
СҚО-ның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы 13 ақпан сағат 00.00-ден күшіне енеді.