СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Петропавлда көп қабатты 32 баспана салынып жатыр. Олардың басым бөлігі тозығы жеткен үйлердің орнында пайда болады. Облыс орталығында осы мақсатта «Жаңа қала» атты бағдарлама қабылданған. Нәтижесінде 3 жылда қаланың көркін бұзған 1,2 мың ескі үй бұзылды.
«Облыста бірінші сыныпқа баратын балалардың саны жылдан-жылға артып келеді. 2018 жылы 7,7 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, келер жылы олардың саны 8,5 мыңға жетпек. Сондықтан, баспаналардың құрылысымен қатар жаңа мектептер де салынып жатыр. Тек соңғы 2 жылда облыста 1,8 мың орындық 3 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Уәлиханов көшесінде 900 орындық тағы бір мектептің құрылысы жүріп жатыр. Біз қаланың осы бөлігінің тұрғындары үшін заманауи спорт сарайы мен әдемі саябақ саламыз», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Петропавлда коммерциялық баспана құрылысы да қарқын алған. Облыс орталығында 3 жыл бұрын осындай бір үй ғана бой көтерсе, бүгінде 14 көпқабатты үй баспана салынып жатыр.
«7-20-25 бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 5 млрд теңгеге 675 өтінім мақұлданды. Яғни 675 отбасы ипотека арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй жағдайын жақсарта алды. Биыл 300 мың шаршы метр баспананы пайдалануға берсек, келер жылға оны тағы 100 мың шаршы метрге арттыруды жоспарлап отырмыз», - дейді өңір басшысы.
Жалпы биыл СҚО-да 3 мың пәтер қолданысқа берілсе, соның 625-і әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға бұйырды. Оның ішінде көпбалалы 125 отбасы да бар.