СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда облыс аудандарының бірінде тұратын 19 жастағы жігіт Еуразиялық базар маңында Е. Бөкетов көшесін рұқсат етілмеген жерден кесіп өткені үшін жауапқа тартылды.
Бұл жерде көлік ағылып жатыр, соған қарамастан қала тұрғындары өз өмірлерін қатерге тігіп, жол учаскесін белгіленбеген жерден жиі кесіп өтеді.
Полицейлер көлік бірден тоқтамайтынын және жүргізушілер кенеттен пайда болған адамды байқамай қалуы мүмкін екендігін еске салады.
Мәселен, жуырда Караванная көшесін белгіленбеген жерден кесіп өткен қала тұрғыны зардап шекті. Қазір ол ауруханада ем алып жатыр.
«Уақыт үнемдеймін деп, өмірінен не денсаулығынан айырылуы мүмкін. Осы бір қарапайым ескертуді жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін барлық жаяу жүргіншілер естерінен шығармаған жөн. Бұдан бөлек, жолда апатты жағдай жасауы мүмкін. Әсіресе жолға жақын өсіп тұрған жасыл желектен немесе жол жиегінде тоқтап тұрған көліктердің арасынан жүгіріп шығу аса қауіпті. Биыл 33 бала зардап шеккенін атап өткен жөн. Балалар жолдағы жүріс-тұрысты ересектерден үйренеді. Ересектерді ережелерді бұзбай, жолда өздерін балаларға үлгі боларлықтай ұстауға шақырамыз», - дейді СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.
Жалпы 9 айдың ішінде облыс жолдарында жаяу жүргіншілерді қағып кетуге байланысты 49 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Салдарынан 7 адам қаза тауып, 51-і жарақат алды. Оның ішіндегі 21 жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің кесірінен болған.
Сондай-ақ СҚО-да ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 615-бабы бойынша 5050 адам, оның 3113-і облыс орталығында жауапқа тартылды.