СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда ғана жыл басталғалы бері заңсыз айналымнан 1,5 мың литрден астам алкоголь алынды. Былтыр бір жылда 17 мың литрден астам заңсыз арақ-шарап анықталып, көзі жойылды.
Бұдан басқа, қалалық полицейлер жыл басынан бері маскүнемдік пен нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеуге 17 адамды жіберді. Олар алты айдан бір жылға дейін наркологиялық мекемеде ем-дом алады.
«Қылмыс, бұзақылық, жол-көлік оқиғалары көбінесе мас күйдегі адамдармен жасалады. Сонымен қатар, отбасындағы ұрыс-керіс, жанжалға да көп жағдайда арақ кінәлі. Қылмыстың алдын алу үшін учаскелік инспекторлар маскүнем ретінде есепте тұрғандарды жүйелі түрде тексереді.
Жыл басынан бері СҚО-да қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің 1735 фактісі, алкоголь өнімін заңсыз сатудың 68 фактісі анықталды.
Жалпы, облыс бойынша осы жылдың басынан бастап маскүнемдік пен нашақорлықтан зардап шегетін 50-ден астам адам емделуге жіберілді.
Ішкі істер органдары алкогольдік ішімдіктерді мөлшерден тыс пайдаланатын 476 адамда есепке алды», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.