Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының орындалу барысы жайында айтылды. Биылғы жоспар бойынша 43 ауылда 54 нысанды жөндеу көзделіп отыр.
«21 мектеп, 3 спорт залы, 3 денсаулық сақтау, 8 мәдениет, 8 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және 11 көліктік-инфрақұрылымдық нысан жөнге келтіріледі. Бұл мақсатқа 6,3 млрд теңге бөлінеді. Оның 5,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен», - дейді СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов.
Қазіргі уақытта өңірде бағдарламаның 17 арнайы жобасы іске асырылып жатыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында былтыр 50 елді мекенде 78 іс-шара қолға алынған. Бұл ауылдардың әлеуметтік нысандарын, көліктік инфрақұрылымын жөндеуге 10,6 млрд теңге бөлініп, соның шамамен 90%-ы игерілді. 78 жобаның алтауы биыл аяқталуы тиіс.
Ал, «Туған жер» жобасы аясында былтыр елді мекендерде 11 әлеуметтік маңызы бар нысан салынса, 91-і күрделі жөнделді.
Айта кетсек, бұған дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы 3,5 мың ауылды қамтығаны хабарланған.