СҚО-да биыл 7 адам иіс тиіп уланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 4 мыңнан астам жеке тұрғын үй өрт сөндірушілердің есебінде тұр. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын олардың жартысына жуығына өртке қарсы датчиктер орнатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, есепке алынған 4 мыңнан астам жеке тұрғын үйде 16 мыңнан астам адам тұрады. Бұл баспаналар үнемі тексеріліп тұрады. Осындай тексерістердің барысында 2 мың үйден 3 мыңға жуық олқылық анықталды. Ол пешті және электр қондырғыларын дұрыс қолданбауға қатысты.

«Пешті немесе электр қондырғыларын дұрыс қолданбау өрттің шығуына бірден-бір себеп. Анықталған олқылықтардың басым бөлігі жойылды. Әлеуметтік қатер тобына жататын тұрғындардың үйлеріне 1 933 өртке қарсы датчик орнатылды. Осылайша 46 %-ы қамтылды. Облыстың алты ауданында бұл жұмыс толық аяқталды. Қондырғыларды орнатудан нәтиже бар. Екі көп балалы отбасы осы құрылғылардың арқасында аман қалды», - дейді департамент бастығы.

Биыл өңірде көмір қышқыл газына уланушылар қатары артқан. Жыл басынан осындай 3 оқиға тіркеліп, 7 адам жарақаттанды, солардың біреуі бала. Былтыр 4 адам пештегі ақаудың салдарынан иіс тиіп, уланды.

Бұған дейін СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов тұрғын үй секторында болған өрттерді сөндіру кезіндегі қиындықтар жайында айтқан еді.