СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандармен онлайн кездесуге өңірдің бизнес нысандарының өкілдері қатысты.
«Жыл сайын облыста 700-800-ге дейін өрт болады, онда 50-ге дейін адам қаза табады. Өрттер, әрине, негізінен тұрғын үй секторында шығады, алайда жеке кәсіпкерлік нысандарында болған өрттерден келтірілген залал тұрғын үйдегі өрттерден келтірілген залалға қарағанда әлдеқайда жоғары. Мысалы, 2020 жылы 733 өрт болды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3%-ға көп. Оның ішінде 51-і жеке кәсіпкерлік нысандарында болған. Биыл жыл басынан бері облыс аумағында 651 өрт тіркелді, оның ішінде сауда және өндірістік мақсаттағы нысандарда 49 өрт шықты», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Орал Әбдірахманов.
Сондай-ақ, газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан да өрт жиі туындайды екен.
«Жылдың басынан бері осындай 9 өрт тіркелді, оның ішінде 20 адам жарақаттанып, 4 адам қаза тапқан бір жарылыс болды. Оқыс оқиғаларға газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін ескермеу себеп болған. Облыс орталығында көп қабатты үйлерде және олардың жанында газ баллондарын пайдаланатын дәмханалар жұмыс істейді. Сондай-ақ бензин, дизель отыны, сұйытылған көмірсутекті газды сататын авто және газ құю станцияларының саны өсіп келеді. Ал өрттер бірінші кезекте, тұтынушылардың газ және газбен жабдықтау, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі саласындағы талаптарды елемеуі салдарынан болады», - дейді СҚО ТЖД бөлімше бастығы Сәкен Ағзамов.