СҚО-да биыл кене шаққан 544 адам дәрігер көмегіне жүгінді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында күн жылынғалы 544 адамды кене шақса, соның 143-і - бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен аптада кене шаққан 24 адам емханаға қаралған. Бұл оның алдындағы аптадан 2 адамға аз. Ал жалпы, эпидемиологиялық маусым басталғалы 544 адам қансорғыштан зардап шеккен. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі 143 баланы кене шаққан.

«Былтыр өңірде кене шағудың 672 жағдайы тіркелді. Оның 204-інде дәрігерлер 14 жасқа дейінгі балаға тиісті көмек берді. Айыртау, Қызылжар аудандарында және Петропавлда үш ересек адамда кене энцефалиті тіркелді.

Сондай-ақ Қызылжар ауданының екі тұрғынында Лайм ауруы анықталды. Бұл – бактериалдық инфекция. Оның клиникалық белгілері әртүрлі, дерматологиялық, неврологиялық, жүрек-қантамырлық және буындық белгілері бар. Көбіне тұмау сияқты басталуы мүмкін», - дейді санитар дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша, кенеден келер қауіп әлі де жоғары. Сол себепті орманға жеміс-жидек теруге барғанда қауіпсіздік ережелерін ұмытпаған жөн.

«Қазір қарақат-шиенің піскен шағы. Сондықтан орманға жидек теруге барғанда ұзын жеңді киім киюді ұсынамыз. Киімнің түсі ашық болғаны жөн, өйткені қара кене ашық түсті киімде жақсы көрінеді. Әдетте кене 1,5 метрден жоғары көтерілмейді, сондықтан олар адамның аяғына жабысады және соруға ыңғайылы жер іздейді. Кенелер баяу жәндіктер, адамның киіміне немесе денесіне түскенде бірден сормайды, жорғалап ыңғайлы орын іздейді. Сондықтан сырттан келгенде өзіңді және өзара тексеру тиімді. Кремдер, гельдер және аэрозольдер түрінде репелленттерді қолдануға болады», - дейді санитар дәрігерлер.