Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының және Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиалдары жергілікті жоғары оқу орнында – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жанынан ашылған.
«Былтыр тарихшылардың республикалық съезі Петропавлда өтті. Сол жиында біздің университетте еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарының филиалдарын ашу бастамасын көтердік. Біздің ұсынысымызды министр қолдады. Бұл еліміздегі өңірлік университеттер арасында жақсы жаңалық.
Біздің жоғары оқу орнының материалдық базасы айтуға тұрарлық, сондай-ақ, академик Манаш Қозыбаевтың атын иеленген. Сол себепті тарихи, этнологиялық, археологиялық саланы Солтүстік өңірде дамыту біз үшін маңызды», - дейді Басқарма төрағасы – ректордың кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева.
Желтоқсан айында екі филиал ресми түрде ашылды. СҚО-ны зерттеуге бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға өтініш беріп, конкурсты жеңіп алдық. Мол қаражат бөлінді. Биыл ауқымды жұмыс басталады.
«Мақсат, әрине, өңір тарихын, археологиялық ескерткіштерін, мәдениетті терең зерттеу. Алғашқы археологиялық экспедицияның құрылғанына 60 жылдан астам уақыт өтсе де, 90 жылдары қаражаттың жоқтығынан бұл жұмыс тоқтап қалды. Енді археологиялық зерттеулерді жандандыратын, жаңа деңгейге шығаратын уақыт жетті.
Біздің ғалымдар - Виктор Зайберт, Анатолий Плешаков өңірде тас, қола, ерте темір заманын өте жақсы зерттесе, өкінішке орай, орта ғасыр дәуірі қалып қойған. Әсіресе кенже қалған біздің заманымызға дейінгі V-VI ғасырлардан бастау алатын Түркі кезеңі, одан кейін Алтын орда дәуірі, XV-XVI ғасырларда қазақ хандығының құрылу кезеңі – осы аралықтың барлығын қамтып, зерттеу қажет.
Осыған байланысты филиал ашылуына ұйытқы болдық, бұл бізге басқа өңірлердің археолог ғалымдарын тартып, өлке тарихын тереңінен, жан-жақты зерттеуге мүмкіндік бермек.
Біз әріптестерімізбен бірге жаңалықтар ашамыз деген сенімдемін. Нәтижесін халықаралық журналдарда, республикалық басылымдарда жариялау міндеті тұр», - дейді Ақмарал Ыбыраева.
Филиал жоспарлы түрде жұмыс істеуі үшін Алматыдан Ә.Марғұлан археология институтының директоры, ғалым Ақан Оңғарұлы бастаған делегация келді. Бұл сапар барысында жұмыс жоспары нақтыланбақ.