СҚО Білім басқармасының мәліметінше, биыл бітіретін 102 жас маман 12 педагогикалық мамандықты игеріп шығады. Қазіргі таңда өңірде білім беру мекемелерінде кадр тапшылығы жоқ. Алайда жылдағы көші-қонға байланысты жаңа оқу жылында 99 қазақ тілді маманға сұраныс тумақ. Қазір бұл орындарда негізінен зейнет жасындағы мұғалімдер жұмыс істеп жатыр.
«Қазірдің өзінде «Серпін» бағдарламасымен бітіретін биылғы жас мамандардың 90% 10 педагогикалық мамандық бойынша жұмысқа алынады деп айта аламыз. Бұл әзірше, алдын ала болжам. Негізгі көші-қон мамыр-маусым айларында, демалыс уақытында жүреді. Сол кезде облысқа қанша мұғалім қажет екендігі белгілі болады. Түлектердің жартысынан астамы оқуларын магистратурада жалғастыруды жоспарлаған», - дейді СҚО Білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімова.
СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2018-2019 жылдары «Еңбек» бағдарламасына «Серпін» бағдарламасының 86 түлегі қатысты. Оның 54-і жоғары оқу орнын бітіргендер, 32-сі колледждердің түлегі. Олар жеті ауданда және Петропавл қаласында жұмысқа орналасты.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ биыл серпінмен бітіретін 203 студенттің 101-і техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтар бойынша білім алды. 102 адам - болашақ педагог. Түлектер 3 жыл бойы облыс аумағында жұмыс істеуге міндетті.