СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір полицейлерінің есебінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 241 адам бар. Сот оларға бірқатар міндет жүктеген: ішкі істер органдарының рұқсатынсыз елді мекеннен шықпау, үйде сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін болу, ұдайы тіркеуге келіп тұру, спирттік ішімдіктерді және басқа да тыйым салынған заттарды қабылдамау. Олардың орындалуын учаскелік полиция инспекторлары бақылайды. Тәртіпті жиі бұзғандар қайта түрмеге қайтарылады.
Мәселен, 31 жастағы петропавлдық 2019 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Бастапқы кезде ол шектеулерді бұлжытпай орындаған, алайда, уақыт өте келе маскүнемдікке салынған. Учаскелік полиция инспекторы оның мас күйде жүргенін бірнеше рет тіркеген, алайда ескертулерді ер адам елемеген. Бірде ащы судың буымен отбасында жанжал шығарған. Онымен бірге тұратын әйел полицияға арызданғанымен, кейін сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартыпты. Дей тұрғанмен, бұл факті сотта ескерілді.
Айта кететіні, ер адам ауыр дене жарақатын салғаны үшін сотталған. Учаскелік полиция инспекторлары шартты түрде мерзімінен бұрын босату режимін бұзу туралы материал жинастырып, сот шартты түрде мерзімінен бұрын босату режимінің күшін жою туралы ұсынымды қанағаттандырды. Көрсетілген сенімді ақтай білмеген қылмыскер қалған жазасын түрмеде өтемек.
«Шартты түрде мерзімінен бұрын босату талаптарын бұзудың ең жиі кездесетіні – түнгі уақытта үйде болмау, ішкі істер органдарына тіркелуге келмеу. Құқық бұзушылар табыс табу үшін рұқсатсыз уақытта көшеге шығуға тура келді деп өздерін ақтап жатады. Алайда, оқу оқып, жұмыс істеуге рұқсат бар. Ол үшін тек рұқсат алу қажет. СҚО-да жыл басынан учаскелік инспекторлар жинаған материалдардың негізінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату режимін бұзған 21 құқық бұзушы бас бостандығынан айыру орнына қайтарылды», – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.