СҚО-да биыл суға шомылу маусымында 5 адам қаза тапты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының құтқару қызметі суға шомылу маусымын қорытындылады. Осы аралықта 23 адам құтқарылса, 5 адамның, соның ішінде бір баланың ажалы судан болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде суға шомылу маусымы 1 маусым басталып, 31 тамыз ресми аяқталды.

СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, осы аралықта құтқарушылар 4 рет сүңгуірмен іздеу, 23 рет суда құтқару жұмысын атқарып, 2 мыңнан астам рейд өткізді. Нәтижесінде 23 адам, соның ішінде 3 баланың өміріне араша түсті.

«Судағы оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілгенімен, адам өлімімен аяқталған жағдайлар тіркелді. Олардың барлығы суда шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде болған. Есіл ауданында бір адам су айдынына құлап қаза тапты, Қызылжар ауданында бір бала, Петропавлда және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда бір-бір адамнан шомылу кезінде суға кеткен. Қызылжар ауданында бір адам суға кетушіні құтқару барысында өзі қаза тапты», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Маманның айтуынша, суға шомылу маусымы аяқталғанымен су айдындарына жылдың қай мезгілінде болмасын демалуға баратындар және балық аулауға шығатындар көп. Демалыстың арты қайғылы аяқталмауы үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытпаған жөн. Яғни құтқару кеудешесін киіп, қайықтың бүтіндігіне көз жеткізіп суға түсу керек.

Соңғы бес жылда СҚО-да балық аулау кезінде 15 адам суға кеткен.