СҚО-да биыл тыйым салынған әдебиеттерді әкелудің 6 фактісі тіркелді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл елде тыйым салынған әдебиеттерді әкелудің 6 дерегі анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы жыл басынан бері облыста діни заң бұзушылықтың 18 дерегі анықталған. Оның басым бөлігі елге рұқсат етілмеген діни кітаптарды енгізуге байланысты.

Атап айтқанда, Ресейдің Қорған облысымен шекарадағы «Жаңажол» бақылау-өткізу пунктінде өзге ел азаматтарының шетелдік уағызшылардың тыйым салынған діни кітаптарын өткізбек болғаны анықталды. Осы 6 фактісі бойынша барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тәртіп сақшылары діни сипаттағы ақпараттық материалдар мен заттарды таратуға тек ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), рухани (діни) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арнайы айқындаған стационарлық үй-жайларда ғана рұқсат берілетінін еске салады. Яғни діни әдебиеттерді сатуға дүкендерге арнайы рұқсат қажет. Облыста осындай 16 сауда орны бар.

Сондай-ақ СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет арқылы да әдебиеттер мен ғибадат заттарын сатуға, соның ішінде әлеуметтік желілерде діни ақпаратты таратуға тыйым салынатындығын ескертеді.