Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев құтырма ауруына қатысты өңірдегі жағдайға тоқталды. Маманның айтуынша, белсенді профилактикалық жұмыстың арқасында бұл ауру 1998 жылдан бері өңірде тіркелмеген. Алайда одан келер қауіп жоқ емес.
«СҚО – құтырма ауруының табиғи ошағы аймағында орналасқан. Қыс-көктемде қауіпті вирусты ит-мысық, ауылшаруашылық жануарлары жабайы жануарлардан жұқтырып, елді мекендерге әкелу және адамдарға жұқтыру қаупі артады.
Құтырма - аса қауіпті, өлімге әкелетін ауру. Егер алғашқы сағаттарда жұқтырған адамға қажетті көмек көрсетілмесе, ол сөзсіз өледі. Құтырма - бұл емделмейтін ауру, өлім тыныс алудың салдануынан және жүрек қызметінің төмендеуінен болады. Адам санасын жоғалтпай, азаптанып өледі», - дейді Әсет Жұматаев.
Қауіпті ауру адамдарға негізінен ауру жануарлар қапқан кезде сілекейімен жұғады.
«Осы жылдың 1 тоқсанында облыс бойынша 211 адам антирабиялық көмекке жүгінді, былтыр осы аралықта 176 адам дәрігерге қаралды.
Қаңғыбас иттердің көбеюіне байланысты олардан зардап шеккен тұрғындардың да қатары артқан. 119 адамды немесе 56,3% ит қауып, тырнаған. 71 адам мысықтан, сондай-ақ 10 адам егеуқұйрықтан, 4 тұрғын ірі қара малдан, 3 адам түлкіден, 2 адам жылқыдан зардап шекті және 2 адамды тиін тістеген», - дейді басқарма басшысы.
Құтырмаға қарсы ем жоқ. Ауруды тек вакцинация арқылы болдырмауға болады. Жануарлардан зардап шеккендердің барлығына антирабиялық егулер жасалды.