СҚО-да биылғы астық өніміне болжам жасалды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында астық жинау науқаны тамыз айының соңында басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қайрат Омаров өңірдің күзгі далалық жұмыстарға қаншалықты дайын екендігін айтып берді. Оның айтуынша, дәнді дақылдардың 76% жақсы жағдайда, 24% қанағаттанарлық жағдайда. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларының болжамына сәйкес, облыс бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі шамамен 15,7 ц/га, майлы дақылдар -  9 ц/га болады.

«Жаз бойы жауған жауын-шашын және озық технологияларды пайдалану дақылдардың қалыпты дамуы мен мол өнімнің шығуына мүмкіндік берді», - деді Қ. Омаров.

Өңірдегі кейбір ауыл шаруашылық құрылымдар егін жинау науқанын бастап кетті. Жаппай жинау науқанына солтүстікқазақстандық шаруалар тамыздың аяғында кіріседі.

Астық жинау науқанына 7,6 мың астық жинайтын комбайн қолданылады және биыл аграршылар жалпы құны 14 млрд теңгеге 895 жаңа техника (оның ішінде 58 комбайн) сатып алған.

«Егін жинауда астық тасымалдау логистикасы да өте маңызды. Сондықтан алдын-ала жетіспейтін көліктерді аудандағы тасымал кәсіпорындарынан, Петропавл қаласынан және жеке сектордан табу керек», - деп атап өтті Қайрат Омаров.

Күзгі далалық жұмыстар үшін мемлекет 75 мың тонна дизель отынын бөлген.

Жалпы есеппен солтүстікқазақстандық шаруалар 4,2 млн гектар аумақта егін орады, оның 2,8 млн гектары - дәнді дақылдар.

Автор: Олеся Жуковень