СҚО Бескөл ауылында орналасқан «Құлагер» ипподромында ат жарысы маусымының жабылуына орай алдымен, қазақтың ұлттық ат спорты ойындары көрсетілді. Солардың бірі – жамбы ату. Мергендік пен ептілікті көрсеткен қыз-жігіттер, ежелден келе жатқан тағы бір ойын – «қыз қууды» да келушілер назарына ұсынды.
«Дәстүрлі жазғы ат жарысы маусымының жабылу салтанатына орай 9 түрлі бәйге ұйымдастырдық. Тартысты додаға облыс аудандарының 40 сәйгүлігі және Астанадан шабандоздар тұлпарларымен келіп қатысып отыр. Көптеген жарыстардың жеңімпазы Орлов, америкалық, орыс тұқымдас тұлпарлар қатысып жатыр. Өкінішке орай, қатысушылар саны аз, өйткені маусымның соңы, әрі жарақат алғандары бар, сондай-ақ басқа облыстарда да маусымның жабылуына арналған осындай жарыстар өтіп жатыр», - дейді жарыстың бас төрешісі Ольга Патошкина.
1600 метрлік ұшқыр бәйге, 7000 метрлік жорға жарыс, 1600 метрлік 2 жастағы желісті аттардың шабысы, 10 мың метрлік топ бәйге және маусымның жабылуын 15 км қашықтықты аламан бәйге қорытындылады.
1600 метрлік ұшқыр бәйгеде айыртаулық Дмитрий Волковтың «Дон свифт» атты үш жасар тұлпары қарсыластарын шаң қаптырды. Сәйгүлік мәреге 1 минут 37 секундта келген.
«Бәйге тартысты өтті. Бақ шаба ма, бап шаба ма деген осы. Бұл биылғы маусымдағы оның екінші жарысы. Бұған дейін Павлодардағы додада бақ сынадық», - дейді шабандоз.
10 мың метрлік топ бәйгеде Уәлиханов ауданының «Жұлдызы» бірінші болып келсе, 15 мың метрлік аламан бәйгеде Есіл ауданының «Көктерек» атты тұлпары алдына жан салмады.