СҚО-да білім беру саласында 450-ден астам лауазымды тұлға жазаланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мектептер мен балабақшалардағы тексерісті аяқтады. Қадағалау органының актілері бойынша білім беру ұйымдарының 147 лауазымды тұлғасы тәртіптік және 316-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта қадағалау органы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстағы барлық мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында тексерулер жүргізді.
Нәтижесінде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерінің өрескел бұзылуы анықталды, оның ішінде мектеп әкімшілігінің қорқыту фактілерін жасыруы бар. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында санитарлық, өртке қарсы, ақпараттық қауіпсіздік және терроризмге қарсы қауіпсіздік туралы заңнама талаптары сақталмаған.
43 млн теңге бюджет қаражатының ұрлануына қатысты сотқа дейінгі екі тергеп-тексеру басталды, оның 10 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
Прокуратураның бастамасымен тексеріс нәтижесі бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті. Жиында анықталған заңбұзушылықтарды жою шаралары мен орындау мерзімдері нақтыланып, Жол картасын әзірлеу туралы бірлескен шешім қабылданды.
Білім беру ұйымдарына анықталған кемшіліктерді жаңа оқу жылы басталғанға дейін жою міндеті қойылды.
Бұған дейін СҚО-да дәрігерлердің биыл терезеден құлап кеткен 6 баланы аман алып қалғанын жазған едік.