СҚО-да боранда полицейлер 600-ден астам автокөлікті колоннамен алып жүрді

Фото: СҚО ПД

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше күнге созылған боран салдарынан көлік қозғалысы қиындады.

Жүргізушілердің жолда қалуына жол бермеу үшін өңірде барлық бағыттағы жолдар жабылды.

Фото: СҚО ПД

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, боранға байланысты жексенбі күні кешке автожолдарда қозғалыс тек полиция ұйымдастырған колонналармен ашылды.

Колоннаға тұрған әр жүргізушіге егжей-тегжейлі нұсқаулық берілді. Олар жылдамдықты сағатына 80 шақырым деңгейінде сақтауға, сапты бұзбауға, басып озбауға міндетті болды. Колоннаның алдында және соңында патрульдік автокөліктер жүріп отырды. Тәртіп сақшылары колонналарды өз учаскелерінің шекарасына дейін алып жүріп, кейін оларды келесі экипаждарға тапсырды. Облыс шекарасында жүргізушілерді көршілес өңірлердегі әріптестер қабылдап алды.

Фото: СҚО ПД

Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні полицейлер СҚО аумағында 600-ден астам жеңіл автокөлікті алып жүрді. Қолайсыз ауа райы уақытында республикалық маңызы бар автожолдарда жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ.

Бұл жұмыс дүйсенбі күні таңертең де жалғасты.

Фото: СҚО ПД

Бұған дейін Ақмола облысында жүргізуші экскаватормен бірге суға батып кеткенін жазған едік.

Фото: СҚО ПД