14 қаңтарда СҚО аумағында қыс қайта қаһарына мініп, ақтүтек боран салдарынан тас жолдар жабылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 626 мыңнан астам абонент "Дармен" мобильді қосымшасы арқылы ескертіліп, оларға SMS хабарлама жіберілді.
Алайда, ескертуге қарамастан, жолға шыққандар болған.
Есіл ауданы Ақтас ауылының маңындағы автожолда автобус пен 26 жолаушысы бар 5 жеңіл автокөлік жолда қалды. Жол қызметтері, жергілікті атқарушы органдар мен полиция, құтқарушылар жедел әрекет етіп, қар құрсауында қалғандар Ақтас ауылына жеткізілді. Ешкімге медициналық көмек қажет болмады.
Осы ауданның Новоузинка ауылының маңында 8 жолаушысы бар 3 жеңіл автокөлік жолда қалған. Оқиға орнына жедел түрде № 10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері ТРЭКОЛ көлігімен жетіп, көліктерді Корнеевка елді мекеніне дейін сүйреп апарды. Адамдар осы ауылдағы жылыту пунктіне орналастырылды. Үсік шалғандар жоқ.
Уәлиханов ауданындағы "Көкшетау-Омбы" автожолында 3 шағын автобус жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Адамдар Бидайық ауылының жылыту пунктіне жеткізілді. Бәрі дін аман.
Кешке қарай Тайынша ауданында жолдардың жабылуына байланысты Келлеровка ауылының жылыту пунктіне жергілікті атқарушы органдар 27 адамды орналастырды, оның алтауы – бала. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Жалпы 14 қаңтар күні 112 телефонына 630-дан астам қоңырау келіп түскен.