СҚО-да бір ай ішінде ЖРВИ жұқтырған 11200 адам дәрігерге қаралған

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа эпидемиологиялық маусым басталғалы 11 230 адам жедел респираторлы вирустық инфекция жұқтырып, дәрігерлерге қаралды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстағы эпидемиологиялық жағдай бойынша ақпарат берді. Ведомство басшысы Әсет Жұматаевтің айтуынша, ЖРВИ жұқтыру соңғы аптада 17 % артқан.
Ең көп ауырғандар - 14 жасқа дейінгі балалар, 2771 жағдай немесе 70 %. Әзірге тұмау жұқтырғандар жоқ.

«Облысқа ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды. Бүгінгі күні 42 мың адамға тұмауға қарсы вакцина егілді. Оның 7687 медицина қызметкері, 4333 оқушы, 296 жүкті әйел, 20 мыңнан астамы созылмалы ауруы бар адам.

СҚО бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының вирусологиялық зертханасында тұмауға зертханалық диагностика жүргізіледі. 1 қазаннан бастап полимеразды тізбекті реакция әдісімен тұмауға шалдыққандарды анықтау үшін 283 сынама зерттелді, тұмау вирусы табылған жоқ.

Бүгінгі күні облыс аумағында тұмаусыз вирустар басым, 18 сынама оң көрсетті, оның ішінде: SARS-CoV-2 – 6, риновирус – 6, аденовирус – 5 және біреуі - метапневмовирус», - дейді Әсет Жұматаев.

Маманның айтуынша, тұмауға қарсы вакцинациядан басқа, спецификалық емес профилактиканы да назардан тыс қалдырмау керек, яғни: адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көліктерде маска кию, аурудың белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болу.

Коронавирусқа қатысты жағдай тұрақты, өткен аптада екі адамға осы диагноз қойылды.