СҚО-да бір кездері түрме орналасқан ауыл құрып барады — фоторепортаж

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы бір кездері аты дүрілдеп тұрған Горное елді мекені құрып барады. Бұл ауылда әккі қылмыскерлер, қаныпезерлер мен баукеспе ұрылар отырған колония болған еді.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/4 мекемесі деп аталған бұл колония 60 жылға жуық уақыт жұмыс істеп, 2018 жылы жабылды. Горное елді мекенінің жанында орналасқан нысанның кей ғимараттарының бүгінде қабырғасы сөгіле бастаған.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Жол бойында орналасқан аң-жануарлардың мүсіндеріне өткен-кеткен тоқтап, суретке түсетін.

Бұл — жазасын өтеушілерден қалған белгі. Олар да бүгінде жел мен жаңбырға мүжіліп, сыйқы кетіп тұр. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ақбаян Шоқыбаева бірнеше жыл ауылда фельдшер болып жұмыс істеді, қазір зейнеткер.

Таудың етегінде орналасқан, табиғаты көркем елді мекеннен көшкісі жоқ. Бірақ, мұнда жайлы тұрмысқа жағдай жасалмаған. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Балаларым әр сенбі сайын ауылға келіп, аунап-қунап кететін. Қазір анда-санда бір келеді. Өйткені ауылға келсе сыртпен байланыс үзіледі. Телефонмен сөйлесу мұң, алмайды. Ауылдың өз ерекшелігі бар, әрине. Тастың үстінде тұрмыз. Сондықтан картоп, қияр-сәбіз дұрыс өсе қоймайды. Бәрін сатып аламыз. Мал ұстауға да қиын. Жұмыс болмағасын қазір жастар да қалмаған, — дейді ауыл тұрғыны.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Горное ауылында қазір бір дүкен және екі ауылдың тұрғындарына арналған «Достық» демалыс орталығы бар.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Екі жыл бұрын бала санының аздығынан негізгі мектеп жабылып қалған. Қазір бастауыш мектеп қана жұмыс істеп тұр. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— 1-2-3 сынып оқушыларын бір кабинетке отырғызып оқытып жатырмыз. 4-сыныпта оқушы жоқ. Менен басқа келіп-кетіп істейтін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі бар және мектепті күтіп ұстайтын техперсонал жұмыс істейді. Біз сияқты жастар ауылда қалмады. Қазір негізінен мұнда зейнеткерлер тұрады, — дейді мектеп меңгерушісінің міндетін атқарушы Амила Ташманова. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Есіл ауданы Заградовка ауылдық округінің мәліметінше, 2021 жылы қараша айында бұрынғы колонияның барлық дүние-мүлкі электронды сауда арқылы сатылды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Қазіргі иесі — «Июнь 17» ЖШС. Бұл серіктестік колония жанынан құрылысқа қажет тасты өндірумен айналысады.

Горное елді мекенінің халқы да 2018 жылдан бері үш есе қысқарған.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— 2018 жылы бұл ауылда 86 үй, 346 адам болса, қазір 33 үй және 100 тұрғын ғана қалған. Халық саны жылдан жылға азайып келеді. Оқушы санының аздығынан ауылдағы бастауыш мектеп жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Тұрғындар жұмыстың жоқтығынан көшіп жатыр. Елді мекенде тек тас өңдеумен және қой шаруашылығымен ғана айналысуға болады. Сондықтан қандастарды да көшіріп әкелу тиімсіз, — дейді Заградовка ауылдық округінің әкімі Данияр Тұяқов. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бұған дейін СҚО-ның қай ауылдарына биыл таза су жететінін жазған едік.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform