Бәйтерек ауылының тұрғыны Мұсабай Жұпархан Қазақстанға 2009 жылы қоныс аударған. Моңғолиядан келген қандасқа «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған үй берілді. Қазір атажұртта дүниеге келген немерелерінің қызығын көріп отыр.
«Төрт ұл, екі қызым бар, бәрі бүгінде шаңырақ көтерген. Кенже ұлым Жұпарханмен бірге тұрамын. Осындағы мектепте 6 жыл жұмыс істеп, былтыр зейнет демалысына шықтым», - дейді ауыл тұрғыны.
Зейнеткер де, бала-шағасы да жергілікті мектепте орналасқан референдум учаскесіне ұлттық киіммен және домбыра ала келді. Ән шырқап, дауыс беруге келген ауылдастарының көңілін көтерді.
«Әйелім, балаларым мен келіндерім, немерелерім – таңдау жасауға келдік. Референдумға қатысып, өте маңызды мәселеге қатысты дауысымызды бердік. Еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасадық деп үміттенемін», - дейді Мұсабай Жұпархан.
Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылындағы №276 референдум учаскесінде 988 адам тіркелген. Олардың басым бөлігі түске дейін өз таңдауларын жасады.
Бұған дейін Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланы академиясындағы референдум учаскесі алғашқылардың бірі болып жұмысын аяқтағанын жазған едік.