Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, былтырғы желтоқсанда 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда, азық-түлік тауарларына баға 6%, азық-түлік емес тауарларға — 10, ақылы қызметтерге 13% өсті.
Бір жыл ішінде тұздалмаған сары май — 12%, балық және теңіз өнімдері — 12, күнбағыс майы — 12, кондитер өнімдері — 11, алкогольсіз сусындар — 9, ет және құс еті — 5% қымбаттаған. Алайда жармалар — 28%, қант — 1,5% арзандады. Жас көкөністерге баға 13,5% өсті, соның ішінде картоп пен қияр — 25%, қызанақ — 24, пияз 22% қымбатқа сатылып жатыр, бірақ қызылша — 24%, сәбіз 12% арзандаған.
Аудио жабдықтары мен фотоаппаратуралар, ақпаратты өңдеуге арналған аппаратуралар бағасы — 43%, жеке бас тұтынуына арналған тауарлар мен приборлар — 11, киім және аяқ киім — 10, фармацевтикалық өнімдер — 8,5, зергерлік бұйымдар мен сағаттар — 8, жуу және тазалау құралдарына — 8% артты. АИ-95, АИ-96 маркалы бензин 8%, мотор майы 11% қымбаттады.
Тұрғын үйді жалдау ақысы — 18%, амбулаторлық қызметтер — 12,5, қоғамдық тамақтандыру қызметтері — 15,5% көтерілді. Көлік қызметтерінің құны 12% өсті, соның ішінде темір жол жолаушылар көлігі қызметтері — 25% қымбаттаған.
Бұған дейін СҚО-да бір жылда жылу тарифі 33% қымбаттағанын жазған едік.