СҚО-да бүгіннен бастап орманға баруға тыйым салынды
СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, облыс аумағының 5 %-ын ғана орманды алқап алып жатыр. Мемлекеттік орман шаруашылықтарының міндеті – ағаш өсіру, ормандардың аумақтарын үлкейту және ағаш ауруларымен күресу.
«Біз өз міндетімізбен айналысудың орнына ормандарды қоқыстан тазартып, өртпен күресіп кеттік. Орманнан қоқысты шығаруға шаруашылықтарға арнайы қаржы бөлінбейді. Сондықтан олар техника бөліп, адамдарын орманды тазартуға шығаруға, түрлі экологиялық акциялар ұйымдастыруға мәжбүр. Бұл іс-шараларға қатысатындар да негізінен орманшылар, экологтар, табиғатты қорғау прокуратурасы, табиғатты қорғау полициясы және студенттер мен оқушылар», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Қайролла Байтеңізов.
Орманға зақым келтіргендерге, қоқыс тастағандарға әкімшілік жаза бар. Айыппұлдың мөлшері 10-250 АЕК мөлшерінде.
Былтыр орманға қоқыс тастаған 18 адам, ормандағы өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 188 адам шығынның орнын толтырып, айыппұл төледі.
Естеріңізге салайық, СҚО-да бүгін орманға баруға тыйым салатын қаулы күшіне енді. Қаулының орындалуын мобильді топтар қадағалайды. Талапты бұзғандарға айыппұл салынбақ.