СҚО-да былтыр 1,5 мың км жол диагностикадан өтті: әр оныншы шақырымы қайта жөнделеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр мамандар 1 505 км жолдың сапасын тексерді. Диагностиканың нәтижесі бойынша биыл жазда жалпы ұзындығы 150 км-ге жуық жол учаскелері орта және күрделі жөндеуден өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр мамандар республикалық маңызы бар 1505 км жолды диагностикадан өткізді. Оның 152 км бойынша кепілдік мерзімі аяқталмаған.

«Жұмыстың қорытындысы ретінде есеп береміз. Ол ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне автомобиль жолдары комитетіне жолданады.

Біздің жұмыс бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жолдарды жөндеу жоспарын қалыптастырады. Биыл СҚО-да «Мамлютка-Қостанай» А-21 автожолының 0-4, 18-31, 35-46 км; «Булаево-Возвышенка-Молодогвардейское-Кирово-Қиялы-Рощинское» Р-58 автожолының 199-228,2 км; «Екатеринбург-Алматы» М-51 621-633 км; «Волошинка-Сергеевка-Тимирязево» Р-60 автожолының 0-18 км; «Кокшетау-Рузаевка» Р-11 автожолының 61-92 км орташа жөндеуден өтеді. Ал А-13 «Көкшетау-Кішкенекөл-Бидайық-РФ (Омбы)» автожолының 182-213 шақырымында күрделі жөндеу жүргізіледі деп жоспарланған», - дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚО бойынша филиалы директоры Жолдыбай Тентеков.

Биыл СҚО-да жолдардың диагностикасы сәуір айында басталып, қазан айының соңына дейін жалғаспақ.

«Көшпелі жол зертханасы мамандандырылған заманауи қондырғымен жарақтандырылған, ол күнделікті тексеріліп отырады.

Диагностика барысында жолдың геометриялық параметрлері өлшенеді, жол төсемінің серпінділік модулі, IRI халықаралық индексі бойынша жабынның бойлық тегістігі, ілінісу коэффициенті, бойлық және көлденең еңістер тексеріледі, жабынның ақауы анықталады. Жол жағдайы панорамалық бейнетүсіріліммен бекітіледі. Сондай-ақ жолдағы көлік ағынының қозғалыс қарқындылығы да ескеріледі. Барлық параметрлер GPS координаттар жүйесі арқылы бекітіледі», - дейді Жолдыбай Тентеков.